Алматылық құтқарушылар бір түнде 100-ге жуық адамды құтқарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысында қар құрсауында қалған тұрғындар құтқарылды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Алматылық құтқарушылар бір түнде 100-ге жуық адамды құтқарды
Фото: ҚР ТЖМ

— Бүгін түнде Еңбекшіқазақ және Іле аудандарының жабық жол учаскелерінде боран мен шектеулі көріну жағдайында ТЖМ құтқарушылары қар құрсауында қалған азаматтарды эвакуациялау бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді, — делінген хабарламада.  

Еңбекшіқазақ ауданында Космос — Базаркелді, Қырбалтабай — Ақжал және Бөлек — БАК автожолы бағыттарында ТЖМ құтқарушылары 45 адамды, сонымен қатар 20 жеңіл көлікті және бір жүк көлігін эвакуациялады.

Іле ауданында Қонаев — Құрты тас жолында қар құрсауында қалған 43 адам (оның біреуі бала) және 20 жеңіл автокөлік құтқарылды. Барлық азаматтар қауіпсіз жерге жеткізілді.

Сондай-ақ құтқарушылар Қырбалтабай және Қайнар ауылдарының арасында жеңіл көлікпен жол жиегіне шығып кеткен жүргізушіге көмек көрсетті. Қар қырсауында қалған ер адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Еске салайық Ақтөбеде құтқарушылар далада қалған 53 адамды эвакуациялады.

Соңғы жаңалықтар