Алматының 28 панфиловшы саябағында бұралқы иттер қаптап жүр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласындағы басты саябақтардың бірі – 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында бұралқы иттер көбейіп кеткен.

Жуырда ғана Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған аллея ашылған бұл саябақта иесіз иттер топтасып жүр.
Саябақ ішінде еркін жүрген, ағаш түбінде жатқан иттер агенттік тілшісінің объективіне ілікті. Тіпті олардың кейбірі агрессиялық мінез көрсеткен.

Саябақта күн сайын таңертең серуендейтін қала тұрғыны Қарлығаш Рахатованың айтуынша, бұралқы иттер саябақта бір аптаға жуық уақыттан бері жүр.

– Бұл иттердің қайдан келгені белгісіз. Бұрын мұнда жоқ еді. Осы мереке күндерінен кейін пайда болды. Бір-екеу емес, бірнешеуі жүр. Кейде адамға қарай жүгіріп, үріп келеді. Қорқасың. Сол себепті оларды айналып өтуге тырысамын, – дейді ол.

Осы мәселеге байланысты Kazinform агенттігі Алматы қаласының әкімдігіне сауал жолдады. Жауап күтіп отырмыз.

Бұған дейін Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына қарасты Ветеринарлық қызмет мамандары Kazinform тілшісіне иесіз жануарларды ұстау және аулау жұмыстары қалай жүргізілетіні туралы айтып берген. Олардың мәліметінше, биыл бұл мақсатқа 580 млн теңге бөлінген.

Сондай-ақ қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында Алматыда бұралқы иттер мәселесінің қалай шешіліп жатқанын баяндаған болатын.
Айта кету керек, биыл ауыр жағдайда қалған қараусыз жануарларға көмек көрсету үшін екі мамандандырылған бригада құрылған.
Сонымен қатар, Алматыда үй жануарларын тегін зарарсыздандыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.