Алматының 28 панфиловшы саябағында ашық аспан астындағы музей ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ашық аспан астындағы музей ашылды.

Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Алматы өңірлік гарнизонының, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметі академиясының қолбасшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері, курсанттар және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

— Бұл қару-жарақ және әскери техникалар музейі — майданда ерлікпен қаза болған боздақтарға, жарақат алғандарға және хабар-ошарсыз кеткендерге құрмет. Бұл жеңіс үшін жан аямай күрескен, тылда жеңісті жақындатқан еңбекшілерге, шахтерлер мен кеншілерге, егін егіп, мал өсірген шопандар мен диқандарға, станоктарға тәулік бойы тер төккен жұмысшыларға деген алғыс пен құрмет, — деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.

Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің орынбасары ашық аспан астындағы музейдің ашылуына және Әскерлер үйін жаңғыртуға атсалысқан тұлғалар мен ұйымдарды министрлік атынан марапаттады.
— 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр — Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Биыл біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың ерлігіне тағзым ету күні, — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Жалпы 28 панфиловшылар саябағында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кеңес әскері қолданған әскери техника — Т-34, Т-44, Т-55 танктері, 1931 жылғы 230 мм гаубицалар және «Катюша» реактивті артиллериясының әйгілі БМ-13 жауынгерлік машинасы қойылған.

Сонымен қатар Жеңістің 80 жылдығына орай Әскерлер үйінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл ғимаратта Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың филиалы орналасқан. Нысан қайта ашылғаннан кейін онда балалар әскери-патриоттық клубтары жұмыс істей бастайды. Онда концерттік және өзге де залдарға, жауынгерлік даңқ мұражайына күрделі жөндеу жүргізілді.

Еске салайық, бұған дейін Алматының 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалы жаңартылатынын жазғанбыз.