Алматының Әл-Фараби даңғылында 21 жастағы жүргізушілер жол ережесін өрескел бұзған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жол ережесін бұзған екі жүргізуші ұсталды.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада Toyota Camry және Geely Coolray автокөліктерінің жүргізушілері жол қозғалысы қағидаларын елемей, айналасына қауіп төндіргені көрінеді.

Қалалық полиция департаменті қауіпті маневр жасаған екі жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғанын хабарлады.

- Полиция қызметкерлері 21 жастағы екі жүргізушіні анықтады. Оларға тиісінше 32 және 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар олардың әрекеттері ұсақ бұзақылық ретінде сараланып, сот шешімімен әрқайсысы 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Екі автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, 2026 жылы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағындағы Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Биыл 22 маусымда сот Александр Пакті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды⁠.

Ал жақында Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша экс-полицейге сот үкімі шықты.