Алматының Алатау ауданында ең үлкен саябақтардың бірі салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алатау ауданында аумағы 25 га болатын жаңа саябақ салынады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, ірі құрылыс компанияларының бірі Алатау ауданының Момышұлы көшесінде 25 гектар аумақты қамтитын заманауи саябақ салуға 6 млрд теңгеден астам қаржы құюды жоспарлап отыр.
— Жоба аясында саябақ аумағында көрікті жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынып, балалар мен спорт алаңдары, тыныш демалыс аймақтары мен заманауи ландшафтық дизайн элементтері жасақталады. Жасыл желекке ерекше көңіл бөлініп, биіктігі 4-6 метрден асатын 500-ден аса ірі ағаш отырғызу көзделген, — деп хабарлады әкімдіктен.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025 жылы қыркүйекте бастап, 2026 жылы жазда аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы-1 теміржол вокзалының жанында жаңа Арбат ашылатынын жазғанбыз.