Алматының Бостандық ауданында төтенше жағдай жарияланды — әкім түсініктеме берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков техногендік сипаттағы төтенше жағдай режиміне байланысты түсініктеме берді.
Биыл ақпан айында «Ашық НҚА» порталында «Көкшоқы» ықшамауданы, «Алма» тұрғын үй кешені және оған іргелес үйлерде судың жоқтығына байланысты төтенше жағдай режимін енгізу туралы жоба жарияланған еді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі бұл сумен жабдықтау мәселесін шешуге бағытталған шешім екенін айтты.
Азамат Қалдыбековтың айтуынша, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, геологиялық зерттеулер жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жоба аясында тереңдігі 100-ден 400 метрге дейін жететін ұңғымалар бұрғылау көзделген.
Құрылыс жұмыстары тиісті қаулыға қол қойылғаннан кейін сәуір айының ортасында басталмақ.
— Құрылыс әлі басталған жоқ, ол сәуірдің ортасына қарай басталады. Бір апта немесе он шақты күннен кейін іске кірісеміз. «Көкшоқы» ықшамауданы мен «Алма» тұрғын үй кешенін ұңғымадан келетін таза ауыз сумен толық қамтамасыз етеміз, — деді Азамат Қалдыбеков.
Еске салайық, бұған дейін бұған дейін Қонаев қаласында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды.