Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматының бір бөлігі жарықсыз қалып, «Көктөбе» аспалы жолы уақытша тоқтады

АСТАНА.KAZINFORM — Алматы қаласының бір бөлігі жарықсыз қалып, соның салдарынан «Көктөбе» саябағына апаратын аспалы жолдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұған электр желілерінің кенеттен тоқсыз қалуы себеп болған. 

Алматы горы канатная дорога таулар аспалы жол
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Көктөбе» саябағының әкімшілігі аспалы жолдың тоқтағанын растады.

— Қазіргі уақытта электр энергиясының болмауына байланысты аспалы жолдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Электр қуатының қашан қалпына келтірілетінін нақты айта алмаймыз. Жарық берілген бойда жұмыс қалыпты режимде қайта жалғасады. Барлық жолаушы резервтік авариялық генератордың көмегімен жерге қауіпсіз түсірілді, — деп хабарлады саябақ әкімшілігі.

Сонымен қатар «Көктөбе» саябағының әкімшілігі қазіргі уақытта аспалы жолдағы апаттың себептері толық анықталып, барлық жүйе тексерілгенге дейін жабық болады. Зардап шеккендер жоқ екенін атап өтті. 

Оған қоса, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ өз кезегінде туристік нысанды электрмен қамтамасыз ететін желілер өздерінің теңгерімінде еместігін мәлімдеді.

— Бұл электр желілері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның теңгерімінде жоқ. Аталған желілерге қызмет көрсететін энергетикалық ұйымға қажетті шараларды қабылдау үшін тиісті ақпарат берілді, — деп мәлімдеді компания өкілдері.

Соған қарамастан, ауқымды электр желісіндегі ақау компанияның өз желілеріне де әсер етті. «Алатау Жарық Компаниясы» ұсынған электр өшіру картасына сәйкес, қалада № 2 аудандық электр желілері және № 6 желілерінде бірден бірнеше ірі апаттық ақау тіркелген.

Электр жарығынсыз Алматының орталық бөлігінің едәуір аумағы қалды. Атап айтқанда, Абай даңғылы, Назарбаев даңғылы, сондай-ақ Бөгенбай батыр, Наурызбай батыр, Зенков, Бегалин және Қабанбай батыр көшелері жарықсыз қалған.

— Сағат 14:45–те барлық тұтынушының электрмен жабдықталуы толық қалпына келтірілді, — деп хабарлады «Алатау Жарық Компаниясының» баспасөз қызметі.

Бұған дейін Ақтөбеде дауылдан кейін жарықсыз қалған ауылға бірнеше ауданнан арнайы топ барды.

Сонымен қатар Эстонияда дауылдан кейін 8 мыңнан астам үй жарықсыз қалғанын жазғанбыз.