Алматының бұрынғы бас архитекторының ісі сотқа түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахметжановтың ісі сотқа түсті.

Ақпаратты Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі растады. Іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады.
Іске барлығы бес адам қатысты. Олардың арасында Алмасхан Ахмеджановтан бөлек мегаполис жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов те бар.
Сот отырысы әлі белгіленген жоқ.
Еске салайық, 2023жылдың 19 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі заңсыз құрылысқа рұқсат беріп келген урбанистика басқармасының басшысы ұсталғаны туралы ақпарат таратқан еді.
Ол жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Мәселен, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келді.
Кейін мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Алмасхан Ахмеджановты қамауға алды.