Алматының кей аймағында 4 күн газ болмайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Медеу ауданының кей аумағында 12–16 мамыр аралығында газ беру уақытша тоқтатылады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Алматы өндірістік филиалы жаңадан салынған газ құбырларын қолданыстағы желілерге қосу жұмыстарына байланысты газ беру уақытша тоқтатылатынын хабарлады.
Жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең 2026 жылы 12–16 мамыр аралығында өтеді. Бұл уақытта Медеу ауданындағы «Көктөбе» шағын ауданы — Достық даңғылы — Армянская көшесі — Тәттімбет көшесі аумағында газ беру уақытша тоқтатылады.
Сондай-ақ жұмыс жүргізу кезеңінде автокөлік қозғалысына ішінара шектеу енгізілуі мүмкін:
— Ж.Омарова көшесінде Тәттімбет көшесімен қиылыс маңында;
— Луганский көшесінде Армянская көшесінен әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге дейінгі аралықта.
- Жаңа желілерді қосу аталған ауданда газбен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғындардан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарау сұралады, - деп хабарлады «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Алматы өндірістік филиалы.
Еске салайық, Астанадағы Н.Тілендиев даңғылының бір бөлігі 7 күнге жабылды.