Алматының Неке сарайы неліктен қараусыз қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Абай даңғылының бойында, Алматының қақ ортасында орналасқан Неке сарайы қараусыз бос тұр. Жергілікті маңызы бар сәулет ескерткішіне жататын ғимараттың бүгінгі жағдайы нашар.

Алматының Неке сарайы неліктен қараусыз қалды
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Талай отбасы шаңырақ көтеріп, бақыт пен шаттықтың мекені болған ғимарат 1971 жылы салынған. Алматы белгілерінің біріне айналған нысанның сәулетшілері – Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Малбағар Меңдіқұлов пен Александр Леппик.

Алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Неке сарайының сыртында оның қысқаша тарихы мен ғимараттың мемлекет қорғауында екені жазылған. Алайда бүгінгі күні нысанның сымбатты келбеті бұзыла бастаған. Біраз тұста ғимараттың қасбеті үгітіліп құлаған, айналысындағы баспалдақтар сынған. Сарай аумағында қалың шөп өсіп, тіпті нысанға кешкі уақытта жарық түсіретін құралдардың бірін жауып қалған.

Неке сарайы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Қаладағы тарихи ғимараттың нашар жағдайына байланысты Алматы әкімдігіне сауал жолдадық. Әкімдіктің баспасөз қызметі 2016 жылы Неке сарайы «Алтын дән Қазақстан» компаниясына 20 жылға сенімгерлік басқаруға берілгенін, алайда артылған міндеттердің толық орындалмауынан шарт сот шешімімен бұзылғанын хабарлады.

Алматы
Фото: Kazinform

– Сенімгерлік басқарушы міндеттемелерді толық көлемде орындамағандықтан, Алматы қаласының әкімдігі сенімгерлік басқару шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы шешім қабылдады. Келісімшартты бұзу заңды тәртіпте жүргізілді. Алматы қалалық сотының қаулысымен шешім заңды күшіне енді. Нысан Алматы қаласы әкімдігінің басқармасында қалады, нысанды одан әрі пайдалану мәселесі пысықталып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
Алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Сондай-ақ шаһар басшылығы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Неке сарайының аумағы абаттандырылатынын мәлімдеді. Алайда жұмыстардың қашан басталатыны туралы нақты мәлімет берілген жоқ.

Алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Еске салайық, Алматыда бейбіт жиындар мен шерулер өткізу орындары өзгерді.

Соңғы жаңалықтар