Алматының Саин көшесі: жаңадан ашылған жолдың жай-күйі қалай
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл маусым айының басында Саин көшесінің ұзартылған бөлігі техникалық режимде қолданысқа берілді.
Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жобасы аяқталуға жақын. Ұзындығы 3,2 шақырым болатын жаңа учаскеде көлік қозғалысы ашылған. Бірақ жол бойында әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Kazinform агенттігінің фототілшісі алматылықтар көптен күткен жаңа жолдың осы бөлігіне барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Қазір Алатау ауданының тұрғындары үшін қала орталығына қарай жетуі жеңілдеген. Жаңа жолмен екі бағытта да көлік көптеп жүріп жатыр. Қала үшін маңызды көшенің өзге бөлігінде жылдамдық шектеуі 80 км/сағ болса, жаңа учаскеде 40 км/сағ жол белгілері қойылған.
Негізгі жол толық асфальтталған. Дегенмен көшеге шығатын не бұрылатын жолдар әлі де салынып жатыр. Жаяу жүргіншілер жолы мен аялдама да толық дайын емес.
Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы агенттік сауалына жауап беріп, қазіргі уақытта Саин көшесінің осы бөлігінде тротуарлар мен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жобаны жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
- Ұзындығы 3,2 км болатын асфальтбетон жабының төменгі қабаты төселді. Инженерлік желілер, оның ішінде әуе электр беру желілері жобалық шешімдерге сәйкес көшірілді.Мердігер ұйым – «ABM – Building 2007» ЖШС, - деп хабарлады басқармадан.
Ведомство мәліметінше, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны – 19,7 млрд теңге.
Бұған дейін автобустар Саин көшесінің ұзартылған бөлігімен жүре бастады. 10 маусымнан бастап № 25, № 99 және № 102 бағыттарының қозғалыс сызбаларына өзгеріс енгізіліп, осы жол учаскесі қосылды.
Еске салайық, Саин көшесін ұзарту жобасы 2018 жылы басталған еді. Жұмыстар жер телімдерін сатып алу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы жер телімі 2025 жылы қазан айында босатылды.
20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көліктің арнайы жолағы жұмыс істей бастайды.