Алматының тағы бірнеше көшесінде біржақты қозғалыс енгізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін, 18 маусымнан бастап Медеу ауданындағы көшелерде біржақты қозғалыс енгізілді. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

в
Фото: Алматы әкімдігі

Атап айтқанда:
- Достық даңғылының Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта;
- Зенков көшесінің Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілді.

Одан бөлек Әуезов ауданында Атамекен көшесінің (“Атамекен” шағын ауданы) №103 үйден №108 үйге дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылды.

- Аталған шешім Алматы қаласы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылуда және көлік жүктемесін азайтуға, көше жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жолдағы даулы жағдайлардың санын қысқартуға бағытталған. Өзгеріс қазіргі көлік жағдайына жүргізілген талдау нәтижесі мен аудан тұрғындарының өтінішін ескере отырып қабылданды, - деді Алматы қаласының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері .

Сондай-ақ біржақты қозғалыс пилоттық режимде енгізілетіні атап өтілді. Алдағы шешімдер оның тиімділігіне жүргізілетін мониторинг қорытындысы бойынша қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Уәлиханов көшесінің Қабанбай батыр көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілді. Сондай-ақ Жуков көшесінде (оңтүстік бағытта) және Манаев көшесінде (солтүстік бағытта) Затаевич көшесінен Ахмедьяров көшесіне дейінгі аралықта біржақты қозғалыс ұйымдастырылды.