Алматының таулы аймағында ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин ауданда ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

Медеу ауданының таулы аймағында көп жыл бойы ауыз су мәселесі өзекті болып келді. Оны шешу үшін былтыр қазан айынан бастап «Балқаш» резервуарынан «Мұзтау» шағын ауданына дейін 2,2 шақырым магистральдық желі тартыла бастаған. Оған 574 миллион теңге бөлінді. Жоба іске қосылғанда 2 мың адам таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жұмыс 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталады.
Сонымен қатар Еркебұлан Оразалин «Каменск үстірті» шағын ауданына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
— Өткен жылы мұнда 6 артезиан ұңғымасы, 12 сорғы, 7 резервуар салынып, 6,1 шақырымдық магистральдық желі тартылды. Биыл жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын су тарату желісінің құрылысы басталды. Бұл шағын аудан тұрғындарын таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Құрылыс 2026 жылдың қыркүйегінде аяқталады, — деді ол.
Одан бөлек «Атырау», «Алатау», «Горный гигант» пен «Малая Станица» шағын аудандарында 21 шақырым су құбыры мен 45,2 шақырым кәріз желісі салынып жатыр. Соның арқасында Медеу ауданындағы 21 мыңнан астам тұрғынның алғаш рет орталықтанған суға қолы жетіп, су бұру жүйесіне қосылғалы отыр.
Еске салайық, 2024 жылы Медеу ауданында «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға берілді.