Алматының таулы аймағында тұрғын үй салуға мораторий енгізіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихатының кезектен тыс XXХVI сессиясы өтті.

Алматының таулы аймағында тұрғын үй салуға мораторий енгізіледі
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Онда «Алматы қаласының аумағында құрылыс салу қағидаларын бекіту туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршы қаланың таулы аудандарында тұрғын үй кешендерінің құрылысына шектеу қоятын мораторий жобасын таныстырды:

* Бас жоспармен қарастырылған әлеуметтік инфрақұрылым және туристік кластер нысандарын қоспағанда көппәтерлі тұрғын үйлер мен тұрғын кешендерін салуға тыйым салынады;

* Егер нысан қолданыстағы әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіретін болса, тығыз құрылысқа жол берілмейді.

— Аталған шектеулер жаңғырту жұмыстарына, қайта жоспарлау және қолданыстағы нысандарды күрделі жөндеу жұмыстарына, белгіленген параметрлер шегінде, қолданылмайды. Мораторий қаланың табиғи ортасын қалпына келтіру және жақсартуға, таумбеткейлерін нығайтуға, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ туристік кластерді қалыптастыруға ықпал етеді, - деді Алмас Жаңбыршы.

Алматының таулы аймағында тұрғын үй салуға мораторий енгізіледі
Фото: видеодан алынған скрин

Сессия барысында Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов «мораторий енгізілетін аймақта кеңсе ғимаратын салуға бола ма» деген сұраққа жауап берді.

— Ұсынылған шешім бойынша тек әлеуметтік және туристік объектілерді салуға рұқсат етіледі. Ол тізімге кеңсе ғимараттары кірмейді. Әлеуметтік нысандарға мектеп, балабақша, емхана және басқа да адам өміріне қажетті инфрақұрылым жатады. Ал туристік нысандардан бірінші кезекте қонақүйлерді айта аламыз, - деді Бейбіт Шаханов.

Ал сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршы жаңа ережелерге байланысты 2023 жылдың 3 мамырында қабылданған Алматы қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылдың мамыр айында өзгерістер бектіліп, сол жылдың соңына дейін егжей-тегжейлі жоспар өзгертіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы 40 қабатты үйдің құрылысына неліктен тыйым салынбайтынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар