Алматының Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізу тиімді ме

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Диханбаев бұған дейін қаланың бірнеше көшесінде біржақты қозғалыс енгізілетінін айтқан болатын. 

Когда и как будет проходить строительство BRT на проспекте Райымбека в Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Оның сөзінше, Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігі пысықтап жатыр. Жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты жаңа бастамалар алматылықтар арасында қызу талқыланды. Әсіресе, Тимирязев көшесінің мәселесі жиі қозғалды. Себебі мұнда қалада толыққанды жұмыс істеп тұрған жалғыз BRT желісі бар. Тұрғындар оны алып тастау қаншалықты тиімді екенін сұрап жатты.

Қоғам талқысына түскен мәселеге қатысты Президент жанындағы ҚР ҰҒА академигі, Көлік ғылымы және технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Бағдат Телтаев ғылыми зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін Kazinform агенттігіне эксклюзивті түрде ұсынды.

— Заманауи мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту түрлі әлеуметтік топтар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы пікірталастармен қатар жүреді. Бүгінде алматылықтардың басты назарында Тимирязев көшесіндегі магистральдық дәліз тұр. Пікірлер екіге жарылған жағдайда назарды ғылым арнасына бұрып, көлік инженериясы қағидаттарына сүйену өте маңызды, — деді ол.

а
Фото: ҚР ҰҒА

Оның айтуынша, Тимирязев пен Жандосов көшелеріндегі жағдайды егжей-тегжейлі зерттеуі қазіргі жол жүйесінің мүмкіндігі таусылғанын көрсетті. Бұл жолдарды автобус жолаушыларына да, жүргізушілерге де ыңғайлы және ең бастысы — қауіпсіз болатындай өзгертетін уақыт жетті.

Бағдат Телтаев жолдарды жаңадан жоспарлау үшін алдымен ондағы көлік ағынын білу маңызды екенін атап өтті. Академик Тимирязев көшесіндегі көлік қозғалысына жүргізген мониторинг нәтижесінде автобус жолақтарының жолдың қақ ортасында орналасуы тиімсіз екенін анықтаған. Атап айтқанда: қазір бұл көшемен бір тәулік ішінде 22 мың көлік өтеді. Ал кешкі қарбалас уақытта жолға түсетін жүктеме тіпті артып, сағатына 2 мыңнан астам автокөлікке жетеді.

Жолдағы көлік түрлерінің үлесі:

  • Жеңіл көлік — жалпы көлік ағынының 84%-ы (18 502 дана);
  • Автобустар — 7,5%-ы (1 654 дана);
  • Самокат, велосипед және мопедтер — 7,4%-ы (1 636 дана);
  • Жүк көлігі — 1,1%-ы (233 дана).

Ғалымның сөзіне сүйенсек, жолдың екі бағытына көлік көп болға кезде солға бұрылыстары бар екіжақты жол жүйесі тұрақты түрде кептеліс тудырады. Яғни, екі бағытта да көлік тоқтау жүріп жатқанда, солға бұрылғысы келген жүргізуші қарсы алдынан келе жатқан көлік ағынын өткізіп, жолдың ортасында тоқтап тұруға мәжбүр. Ол тоқтаған сәтте оның артындағы жүздеген автомобиль мен қоғамдық көліктің жолы бөгеледі.

— Автобус жолаушыларын күн сайын 18,5 мың автомобиль жүріп жатқан көлік ағынының арасымен жолды кесіп өтуге мәжбүрлеу — қауіпсіздік ережелеріне мүлдем қайшы, — деді ол.

Жолдағы апатты азайту

Бағдат Телтаевтың айтуынша, кез келген жол жобасын бағалаудың ең басты шарты — адам өмірінің қауіпсіздігі. Бірақ ол Тимирязев көшесіндегі қазіргі жағдай адам өміріне қауіпті екенін атап өтті. Себебі автобус аялдамалары жолдың ортасында тұрғандықтан, адамдар көлік ағынын кесіп өтуге мәжбүр.

Академик өз сөзінің дәлелі ретінде ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми статистикасын ұсынды:

  • 2023 жылы Тимирязев көшесінде 58 жол апаты болып, 30 жағдайда жаяу жүргіншіні көлік қаққан.
  • 2024 жылы 59 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 35 жаяу жүргінші зардап шеккен.
  • 2025 жылы апат деңгейі күрт өсіп, 94 жол оқиғасы болған. Салдарынан 46 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты.

Маманның түсіндіруінше, жолдағы қайғылы оқиғаларды толық жоюды көздейтін халықаралық бағдарлама (Vision Zero) тұрғысынан алсақ, аталған жол апаттары — жолдың дұрыс ұйымдастырылмауынан болып отыр.

— Сондықтан автобус аялдамаларын жолдың шетіне көшіру және жаяу жүргіншілерді қауіпсіз жерлермен, мысалы, жерасты өткелдерімен жүргізу — ғылыми тұрғыдан ең дұрыс шешім. Жаяу жүргіншілерді белсенді автомобиль трафигінен оқшаулау мұндай қайғылы оқиғалардың ықтималдығын барынша азайтуға мүмкіндік береді, — деді Бағдат Телтаев.

Алматылық жүргізушілерге LEZ аймағына кіргені туралы хабарлама келе бастады
Фото: Алматы әкімдігі

Көлік қозғалысын ретке келтіру

Оның айтуынша, әкімдіктің жаңа жобасының басты ерекшелігі — тек бір көшені ғана емес, бүкіл ауданның қозғалысын ретке келтіруінде. Ал Тимирязев пен Жандосов көшелерін қайта ұйымдастыру — үлкен инженерлік жоспардың бір бөлігі.

— Тимирязев (батысқа қарай) және Жандосов (шығысқа қарай) көшелерінде біржақты қозғалыс енгізіледі. Осылайша бір бағытқа 3 жолақ, екінші бағытқа 1 арнайы автобус жолағы, яғни асимметриялық дәліз жасалады. Бұл қозғалысты бөгейтін солға бұрылыстарды толығымен жояды. Нәтижесінде көліктердің тоқтаусыз жүруіне жағдай жасалып, көшені кеңейтпей-ақ жолдың өткізу мүмкіндігі 20–30%-ға артады — деді ол.

Сондай-ақ академик Манас көшесін Тимирязевтен Жамбыл көшесіне дейін біржақты қозғалысқа ауыстыру Сәтбаев даңғылындағы кептелісті шешуге көмектесетінін айтты. Бұл өзгеріс «Манас — Жандосов — Сәтбаев» қиылысындағы ұзақ кептелістерді жоймақ. Ал Әуезов көшесін Райымбек батыр даңғылынан Тимирязевке дейін оңтүстік бағытта біржақты қозғалысқа ауыстыру қаланың солтүстік бөлігінен келетін көлік ағынын азайтып, аудандағы жолдардың бір-бірімен байланысын жақсартады.

— Байзақов көшесінде Тимирязевтен Жандосовқа дейін қозғалысты екіжақты ету жедел қызметтер үшін арнайы еркін жол ашады. Бұл жедел жәрдем көліктерінің кептелісте тұрып қалмай, ауруханаларға тез жетуіне мүмкіндік береді, — деп түсіндірді маман.

Бағдат Телтаев жоба бюджеттен үлкен шығындарды талап етпейтінін және жол жиектерін бұзбай, аз уақытта тиімді нәтиже беретін тәсіл екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ғылыми тексерістен де өткен. Жобаны ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Л. Б. Гончаров атындағы ҚазАЖҚА және Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың жол қауіпсіздігі саласындағы қазақстандық ғалымдары мен сарапшылары толық қолдап отыр.

— Жолдарды жоспарлау дегеніміз — кінәлілерді іздеу емес, ең тиімді инженерлік шешімді табу, — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Төле би көшесінде LRT құрылысын дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.