Алматының жаяу жүргіншілер өткелінде заманауи жарықтандыру енгізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Тілендиев көшесінің батысына қарай Сәтбаев көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінде жаңа проекциялық жарықтандыру орнатылды.

жүргінші
Фото: Алматы әкімдігі

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, аталған аумақ қарқынды жол қозғалысына байланысты таңдалған. Бұл маңда тұрғын үй кешендері, қоғамдық көлік аялдамалары мен сауда нысандары орналасқан - көлік те, адам да көп.

жүргінші
Фото: Алматы әкімдігі

Жаңа жарықтандыру өткелдің шекарасын айқын көрсетіп, әсіресе қараңғы уақытта жаяу жүргіншілерді ертерек байқауға мүмкіндік береді. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпсіздікті арттыруға ықпал етпек.

- Жүйе автономды түрде жұмыс істейді және көше жарықтандыруымен біріктірілген. Соның арқасында ол тұрақты әрі қосымша шығынсыз тиімді қызмет етеді. Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған осындай заманауи шешімдерді енгізу жалғасып келеді, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

жүргінші
Фото: Алматы әкімдігі

Егер жоба оң нәтиже көрсетсе, бұл тәжірибе басқа аудандарда да қолданылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жол қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған.