Алматы 2-ЖЭО жаңғырту жобасын қаржыландыру туралы құжатқа қол қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Азия Даму Банкі (АДБ) мен «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдинг құрылымындағы «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) компаниясы арасында кредиттік келісімге қол қойылды. Құжат «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып жаңғырту» жобасын қаржыландыруды көздейді, жоба бойынша жүргізілген жұмыстар бүгінде практикалық іске асыру кезеңіне өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы сомасы 98 млрд теңгені құрайтын қарыз шартына «АлЭС» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Киркинбаев пен АДБ-ның Оңтүстік, Орталық және Батыс Азиядағы жеке сектордың инфрақұрылымдық жобалары жөніндегі департаментінің директоры Шантану Чакраборти (Shantanu Chakraborty) қол қойды.

Алматы ЖЭО-2 нысанын иеленетін «АлЭС» АҚ үшін АДБ аталған жобаны іске асыру шеңберінде кредиттік келісім жасалған үшінші қаржылық серіктес.

Бұрын Алматы қаласында ескі ЖЭО-2 жанындағы алаңда жаңа газ станциясының құрылысын қаржыландыру бойынша тиісті шарттар Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен (ЕҚДБ) және Қазақстанның Даму Банкімен (ҚДБ) жасалған болатын.

АлЭС басшысы Ерлан Киркинбаевтың айтуынша, АДБ-мен қарыз туралы келісімге қол қою жобаны қаржыландырумен байланысты барлық мәселелерді түпкілікті шешетін болады.

Станция толығымен табиғи газға ауысып, көмірді отын ретінде пайдаланудан бас тартатын болады.

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту және газ отынына ауыстыру жөніндегі жоба «Самұрық-Қазына» Қоры» АҚ қолдауымен іске асырылуда. АлЭС пен АДБ арасындағы кредиттік келісімге қол қою жөніндегі іс-шара шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ мен АДБ арасында кепілдік шартына қол қойылды.

Қор мамандарының айтуынша, қол қойылған құжат тәуекелдерді азайтуға және жобаны несиелеу шарттарын жақсартуға ықпал етеді.

Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, АДБ президенті Масатсугу Асакаваи (Masatsugu Asakawa) және «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түйтебаев қатысты.


Соңғы жаңалықтар