Алматы әкімі 4 күнде бюджеттен қалай 300 млн теңге үнемделгенін айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда бекітілген қала бюджетін өзгертуге арналған жиын өтті. Отырыс барысында қала әкімі Бауыржан Байбек 4 күнде бюджеттен қалай 300 млн теңге үнемделгенін айтып берді.

«Біз өткен жылғыдан 22,5 млрд теңге үнемдедік. 2016 жылға 21 млрд теңге қостық. 1,5 млрд теңге үнемделді. Оның 300 млн-ын ішкі резервтердің есебінен соңғы 4 күн ішінде үнемдедік. 32 жедел жәрдем көлігі мен 8 реанимобиль керек болатын. Бұған 1,4 млрд теңге керек болды. Отандық өндіруші болғандықтан көтерме бағамен алдық. Енді оған қосымша екі көлік сыйлайтын болды бізге», - деді Б.Байбек.

Қала басшысы басқарма басшыларымен біріге отырып әр позицияны мұқият тексергенін айтты.

Оның айтуынша, барлық жобалық-сметалық құжаттама 40 пайызға төмендетілді.

«Жобалау ұйымдары нағыз ақша сорумен айналысатындар. Алатау ауданындағы мектеп жақында ғана салынды. Балалар тоңып жүр. Ондай жобалаушыларды лицензиядан айыру керек. Мемлекеттік сараптау комиссиясы 40 пайызға дейін үнемдеуге болатындығын анықтайды. Селден қорғау шарасы туралы айттық. 37 млрд теңге керек деді. Жиналыс өткіздік. Сонда 19 млрд теңге деді. Келесі жиналыста одан да аз керек деді. Жұмыс тобымен арнайы плотинаға барып, өз көзімізбен көрдік. Сол жердегі маман маған былай деді: негізі мұздық еріп кеткен, енді мұндай жағдай 100 жылда қайталануы мүмкін. Сонда бұл ақшаны да босқа ауаға шашып жібергелі тұрмыз», - деді Б.Байбек.

Оның айтуынша, бюджеттің қайта нақтылануы «көрпеңе қарай көсіл» принципіне негізделіп отыр.

Айта кету керек, бүгін Алматыда мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен жиында 2016 жылға қала бюджеті 80 млрд теңгеге өскені белгілі болды.

Мемлекет басшысының Алматыға сапарынан соң қаланың дамуына республикалық бюджеттен 58,3 млрд теңге және жергілікті бюджеттен былтырғыдан үнемделген 21 млрд теңге қосылды.

Соңғы жаңалықтар