Алматы-Атырау бағытында қатынайтын «Ақжайық» поезы жолға шықты

АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Бүгін Алматы-2 теміржол вокзалынан № 41/42-ші Алматы -Атырау бағытында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын «Ақжайық» поезы жолға шықты.

Алматы-Атырау бағытында қатынайтын «Ақжайық» поезы жолға шықты

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі мәлім етті.

Поездың жолда жүру уақыты - 49 сағат 36 минут.

Келіп түскен мәлімет бойынша «Ақжайық» поезының вагондары жаңаша жөндеуден өткен және жолаушыларға қажетті сервистік қызмет үлгілерімен жабдықталған.

«Жолаушылар үшін шахмат, нард, дойбы ойындарымен бірге жаңа кітап, газет, журналдарды оқу мүмкіндігі қарастырылған. Вагондарда DVD - ойнатқышы бар теледидар, тоңазытқыш, микротолқынды пеш, сейф бар. Поезда СВ, купелік, плацкарт вагондары жасақталған. Вагон -мейрамханада жолаушыларға түскі, кешкі тағамдар ұсынылады. Даяшылардың тағамдарды купеге жеткізіп беру мүмкіндігі де жолға қойылған» - делінген ақпаратта.

Айта кетелік, дәл осы секілді жаңаша қызмет үлгілерімен жабдықталған аса жайлы санаттағы №33/34-ші «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы «Батыс» поезы наурыздың 11-інде іске қосылған болатын.

Алдағы жоспарға сәйкес «Алматы - Атырау» пойызының қалған құрамымен «Ақтөбе-Алматы», «Алматы - Шымкент» және « Алматы - Петропавл» бағытындағы пойыздардың жайлылық деңгейін жоғарылату қарастырылған.