Алматы әуежайында болуы мүмкін жарылыс жөніндегі ақпарат салдарынан бортында 715 жолаушы бар 10 рейстің ұшырылуы кешіктірілді - ҚР БКП

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында жарылғыш зат бар деп жалған ақпарат таратқан азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарланды ҚР Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Алматы әуежайында болуы мүмкін жарылыс жөніндегі ақпарат салдарынан бортында 715 жолаушы бар 10 рейстің ұшырылуы кешіктірілді - ҚР БКП

Ағымдағы жылғы 19 қаңтарда шамамен сағат 16:00-де Алматы қаласы әуежайының полиция желісі бөлімшесіне Алматы қаласының халықаралық әуежайына жарылғыш зат қойылғаны және оның 20 қаңтарда сағат 12:00-де іске қосылатыны жөнінде ақпарат келіп түсті.

Жедел әрекет ету шаралары барысында әуежайдың қалыпты жұмысы бұзылды, соның салдарынан бортында 715 жолаушы бар 10 рейстің ұшырылуы және бортында 556 жолаушы бар 7 әуе кемесінің жерге қонуы кешіктірілді.

Бірлескен шаралар өткізу барысында жарылғыш заттар табылған жоқ.

Сағат 18.30-да әуежайдың қызметі қалпына келтірілді.

Жедел-іздестіру шарасы барысында кінәлі адам анықталды. ҚР ҚК-нің 242 бабы бойынша (лаңкестік актісі жөнінде көрінеу жалған ақпарат тарату) қылмыстық іс қозғалды.

Тексеру амалдарының барысы жіті бақылауға алынды.