18:54, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматы қалалық Мәслихатының депутаттары үндеу қабылдады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Бүгін Алматыда өткен «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы Мәслихат депутаттарының форумына қатысушылар мемлекеттік билік органдарына, кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларына және Алматы қаласының тұрғындарына үндеу қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттары мемлекеттік билік органдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ басшыларын өздерінің барлық күш-жігерін әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұру және оның әсерін қала халқына тигізбеу үшін алда тұрған міндеттерді бірлесе іске асыруға шақырады», делінген Үндеуде. Мәселен, биліктің атқарушы органдарына, кәсіпорындар мен үкіметтік емес ұйымдар басшыларына азаматтардың заңды мүдделерін қорғауда дер кезінде іс-шара қолдану, жұмыссыздықты арттырмау бағытында күресу, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық мамандарды дайындау мен біліктілігін арттыру бағытында бірлесе іс-қимыл жасау ұсынылған. Үкімет пен ҚР Ұлттық банкі, ҚР Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне Алматы қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдеріне банктерден ставкасы төмендетілген несие бөлуге ықпал жасау сынды т.б ұсыныс жасалған. Үндеудегі ұсыныстар жүзеге асу үшін мәслихат депутаттары партияның халықтық тұғырнамасын, дағдарысқа қарсы бағдарламаның жүзеге асырылуына қадағалау жасау, қоғамдық тыңдаулар өткізу, БАҚ-мен тығыз-қарым қатынас орнату, қоғамды ұдайы өзгерістермен хабардар етіп тұруды жүзеге асырмақ. «Біз, Алматы қалалық Мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП депутаттары, форумға қатысушылар атынан Мемлекет басшысы, партияның көшбасшысы Н.Назарбаевтың алға қойған тапсырмаларын мүлтіксіз және сенімді орындауға бар күш-жігерімізді саламыз.Біз, алматылықтар, Қазақстанның барлық халқы сияқты тек бірге, бірлескен күшімізбен ғана жаһандық қаржы дағдарысынан туындайтын кез-келген қиындықты жеңетінімізге сенімдіміз», делінген Үндеуде.