Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша салықтан жалтарды деген күмәнмен 100-шақты компания жіті тексерілетін болады ? Салық комитетінің төрағасы

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша салықтан жалтарды деген күмәнмен 100-шақты компанияға тексерулер жүргізіледі.
None
None
Бүгін журналистермен кездесу барысында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Салық органдары тарапынан республика бойынша кешенді тексерулер жүргізуге байланысты жоспар әзірленіп жатыр. Біз алғашқы тоқсанда салықтық тексерулер бойынша негізгі екпінді Алматы қаласы мен Алматы облысына түсіретін боламыз. Нақтырақ айтқанда, салық органдары осы өңірлерде 100-шақты компанияны кешенді, жаппай тексеруді нысанаға алып отыр. Осы компанияларға шүйлігуіміздің бірқатар негізгі себептері бар. Біріншіден, нысанаға алынған компанияларда салық жүктемесінің коэффиценті 0,1 пайыздан төмен. Екіншіден, олардың айналымы 100 млн. теңгеден асқан. Сонымен бірге, әлгі компанияларға соңғы тексерулер 2006-2007 жылдары жүргізілген. Яғни, бұлар негізінен ұзақ мерзім бойы салық органдары тарапынан тексерілмей келген кәсіпорындар. Бұнымен қоса, тізімге ілінген компаниялардың қаражат айналымы ауқымды бола тұра, салыққа мардымсыз ақша аударып отыр. Сондықтан да, біз тексеруді көздеп отырған компаниялар негізінен «салықтан жалтарды» деген мәселе бойынша қаралуы мүмкін», деді Д. Ерғожин. Оның айтуынша, биылғы жылы басталатын тексерулер де жан-жақты әрі нәтижелі болады. Мәселен, тексерулер барысында өңірлердегі салық органдары басшыларының да жекелеген кәсіпорындармен сыбайластық байланысына баса назар аударылады. «Яғни, мысал ретінде айтар болсақ, Алматы қаласындағы аудандық комитет басшысы бір ауданнан екінші ауданға комитет басшылығына қызметке ауысты делік. Дәл осы мезетте сол комитет басшысымен бірге, 10-15 шақты кәсіпкерлер есептен шығып, жаңағы азамат басшы болып барған ауданға көшіп отырған. Бұндай фактілерге де жіті назар аударылады. Нақтырақ айтқанда, жаңағыдай компанияларға қосымша тексерулер жүргізіледі», деді Комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, Алматы қаласы мен Алматы облысына тексерулер жүргізу үшін 200-ге жуық аудиторлар тартылады.
Соңғы жаңалықтар