Алматы қаласындағы Мамандандырылған қаржы соты Альянс Банкінің қарыздарын қайта құрылымдауы туралы шешімді шығарды
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат - Жақында Алматы қаласындағы Мамандандырылған қаржы сотының шешімімен Альянс Банктің қарыздарын қайта құрылымдауды бастайтыны жөніндегі арызы қанағаттандырылды.
Соттың бұл шешімі Альянс Банкінің қайта құрылымдалуы мен қайта капиталдануы үрдісінде маңызды кезең болып табылады.
Альянс Банкінің қарыздарын қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және Алматы қаласындағы Мамандандырылған қаржы сотының шешімімен жүргізілуі аталмыш үдерістің ұйымдастырылған және ашық екенін растайды және барлық кредиторларға бірдей қатынас қағидасымен айқындалады. Бұл жағдай қажет болса, Банктің қайта құрылымдау нәтижелерінің шетел соттарында мойындалуына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге бұл шешім кредиторлар Банкке қатысты сот дауларын тудырған жағдайда, Банктің соттағы қорғанышы болады. Осылайша Банк қайта құрылымдау мерзіміне өз активтерін қорғауды жоспарлайды.
Сот шешіміне сәйкес, 2009 жылдың қарашаның 15-іне дейін Банк кредиторларының жиналысы өткізілуі шарт. Бұл жиналыстың барысында кредиторлар қайта құрылымдаудың барлық шарттарын өзіне біріктірген Қайта құрылымдау жоспарын бекітуге дауыс береді. Қайта құрылымдау Жоспары мақұлдануы үшін қайта құрылымдауға жатқызылатын Банк міндеттемелерінің жалпы санының үштен екісінен кем болмайтын бөлігін иеленетін кредиторлардың келісімі болуы тиіс.
«Альянс Банкінің қарыздарын қайта құрылымдау жөніндегі сот шешімін алу - бұл банктің қаржылық сауығуының жолындағы тағы бір маңызды қадам. Қайта құрылымдау үрдісі толықтай жоспарланған кестемен өтуде. Біз кредиторларымыз бен клиенттерімізге, мемлекеттік органдар мен жалпы қоғамға берген уәделерімізді орындап отырмыз. Бүгінде біз қайта құрылымдау үрдісінің оңды аяқталатынына сенімдіміз және осындай қиын уақытта бізге қолдау көрсеткендерге алғысымызды білдіреміз», дейді Альянс Банкінің Басқарма Төрағасы Мақсат Қабашев.