Алматы қаласының Алатау ауданында биыл 5,5 мың үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен аптада өзінің 1 жылдық мерейтойын атап өткен жаңа ауданның тұрғындарының саны қазіргі таңда 160 мың адамды құрайды. «Ауданда 7600 жеке үй бар. Олардың 4500-ге жуығы заңсыз салынған. Біздегі ең үлкен мәселе осы. Қазіргі таңда 1300-дей үй заңдастырылды. Екі мыңнан аса үй заңдастыруға келмейді. Өйткені олар қауіпті су, газ аймағы мен күл-қоқыс пен зиратқа жақын жерлерде және жоғары вольтты электр желісінің астында салынған. Енді олардың бәрін шығарып жаңадан құрылған Саялы ықшам ауданынан жер телімін бөліп береміз. Бұл үшін инвесторларға ұсыныстар жасап, жобалар әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ Шаңырақ ықшам ауданындағы сайда орналасқан 1200-дей үйді де көшірмекпіз», дейді Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров. Оның айтуынша, қазір ауданның бас жоспары жасалған. Онда 2012 жылға дейін тұрғындарды көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бүгінгі таңда Ұлжан, Шаңырақ - 2 және алты ықшам аудандарға газ магистралдары тартылып жатыр. Ол 5 мыңнан астам үйді газбен қамтымақ.