Алматы қаласының бюджеті 15 млрд. теңгеге ұлғайды - бұл Алматы тарихындағы ең үлкен бюджет көлемі

АЛМАТЫ. 21 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласының бюджеті 15 млрд. теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Алматыда өткен мәслихаттың кезекті отырысында айтылды.

Алматы қаласының бюджеті 15 млрд. теңгеге ұлғайды -  бұл Алматы тарихындағы ең үлкен бюджет көлемі

2011 жылға Алматы қаласының бюджетін нақтылау аясында бюджеттің шығыс және кіріс бөлігін 15 млрд. 034 млн. 500 мың теңгеге ұлғайту қарастырылуда. Соның ішінде республикалық бюджеттің трансферттер үлесінен - 8 млрд. 534 млн. 500 мың теңге; жергілікті бюджеттен - 6 млн. 500 мың теңге. Осылайша, бүгінде Алматы қаласының бюджеті 268 млрд. 659 млн. 300 мың теңгені құрап отыр.

Осы қарқынды серпінге байланысты, алдағы уақытта жергілікті бюджеттен мектепке дейінгі мекемелердің коммуникацияларының жөндеуі мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жеті жалпы білім беретін мектептің құрылысына, жалпы күрделі жөндеулерге, сонымен қатар, жолайрық құрылысына, әлеуметтік жобаларға, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, энергетикаға және мәдениет пен спорт саласына қаражат бөлінетін болады.

Жиын барысында қала әкімі Ахметжан Есімов бұл Алматы тарихындағы ең үлкен бюджет көлемі екендігін ерекше атап өтті.

«Қала экономикасының барлық көрсеткіштерінде өсу байқалады. Осы жылы шоғырландырылған бюджетке 667 млрд. теңге түсті. Бұл өткен жылға қарағанда 150 млрд. теңгеге немесе 30%-ға көп көрсеткіш. Олай болса, аталған көрсеткіш бизнестің қарқынды жұмыс жасап жатқандығының, салық базасының кеңеюінің және салықтың түсімінің арта түскенінің айғағы. Яғни, біздің бірлескен күшіміз нақты нәтиже беруде», - деді Алматы қаласының әкімі.

Мәслихат депутаттары өз кезегінде, қала бюджетінің осы жылы алғашқы рет нақтыланып отырмағандығын және әр кезде оның өсімінің байқалатындығын айтты. Депутат Исмагиль Шарипов Алматыда тұрғындар үшін тиімді жобалардың, оның ішінде қалалық ипотекалық бағдарламасы, муниципалды автобус паркінің жақсы дамып жатқандығын айтты. Ал, депутат Шариповтың сайлаушылары Алматыда дәстүрлі түрде өтіп жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ерекше атап өтті.