14:21, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматы қаласының еңбек нарығындағы ахуал өткен жылы біршама күрделене түсті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласының еңбек нарығындағы ахуал өткен жылы күрделене түсті. Бұл бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған алқалы жиында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Лариса Васильеваның айтуынша, Алматыда өткен жылы 14 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, бұл шаралар еңбек нарығында қалыптасқан ахуалды өзгерте алған жоқ. Оны арнайы жүргізілген мониторинг қорытындысынан да айқын аңғаруға болады. «Соңғы үш айдың ішінде кәсіпкерлік саласында 47 мың адам қысқартуға түсті. Олардың басым бөлігі құрылыс пен мүлік операциясы нарығында жұмыс жасайтындар. Сондай-ақ қаржы, банк жүйесінде де 25 пайызға дейін қысқартулар жүріп жатыр», дейді Л.Васильева. Оның пайымдауынша, 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы тұрақтандыру шаралары жоспарының қалалық бағдарламасының қабылдануы қалыптасқан күрделі ахуалға оң ықпалын тигізуі мүмкін.