Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментіне жаңа басшы келді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментіне жаңа басшы келді. Жаңа лауазымға генерал-майор Серік Әубәкіров тағайындалды.

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментіне жаңа басшы келді

Бұл туралы қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады. «ҚР ІІМ министрі Қалмұхамбет Қасымовтың бұйрығымен Алматы қалалық ТЖД басшылығына өртке қарсы қызметтің генерал-майоры Серік Әубәкіров тағайындалды. Серік Әубәкіров ҚР ІІМ ТЖ комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген. Бүгін жаңа басшыны ұжымға таныстыру үшін ҚР Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко келеді», - деді баспасөз қызметінен. Серік Әубәкіров 1985 жылы өрт сөндіруші-техник мамандығы бойынша Алматы өрт сөндіру-техникалық училищесін бітіріп шыққан. Айта кету керек, 4 жылдай Алматы қалалық ТЖД басқарған Берік Құтпанов 2 ай бұрын жұмыстан босатылған болатын. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол ТЖК резервіне тіркелді. Оның міндетін орынбасары Нұрлан Мадьяров атқарып келген.