Алматы маңында болған әуе апатының орнына Бас көлік прокуратурасы мен ІІМ-нің өкілдері шықты
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 29 қаңтарда сағат 13-тер шамасында Алматы қаласының әуежайына шамамен 5 шақырым жетпей «Көкшетау-Алматы» бағытында «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ-ның №760 әуерейсін орындаушы «Challenger-200» ұшағы апатқа ұшырады.
Алдын-ала мәліметтерге сай әуе кемесінің бортында 5 экипаж мүшесі және 15 жолаушы болған.
Бұл дерек бойынша Бас көлік прокуратурасы ҚР ҚК 295-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, өзінің өндірісіне қабылдады.
Жедел тергеу және апаттық-құтқару шараларын жүргізу үшін оқиға орнына Бас көлік прокуратурасының және Ішкі істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері шықты.
Оқиға орны оқшауланды.
Оқиға мән-жайлары, сондай-ақ құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметтер нақтылануда.