Алматы марафонына қатысушылардың саны 10 000-ға жуықтады - А.Есімов
«Құрметті қатысушылар! Бүгінгі жарыс Халықаралық Марафондар Қауымдастығының қамқорлығымен өтіп жатыр. Арамызда осы ұйымның өкілдері бар. Өткен жылы қараша айында біздің Марафонды ұйымдастырушылардың делегациясы Афина қаласында Халықаралық Марафондар Қауымдастығының штаб-пәтерінде болып қайтқан еді. Міне, осы кездесудің арқасында өткен жылы желтоқсан айында біз Халықаралық мәртебе алдық. Енді біздің Марафонның мәртебесі Нью-Йорк, Лондон секілді ірі Халықаралық Марафондардың мәртебесімен бірдей болмақ. Бұрнағы жылы Марафонымызға 2500 адам қатысты. Өткен жылы қатысушылардың саны 6000 адамдай болды. Ал биыл, міне, қатысушылардың саны 10 000-ға жуықтады. Таяуда Париж Марафонына 40 000 адам қатысқан болатын. Ал біз енді осындай серпінмен алға жылжитын болсақ, көп ұзамай Париж Марафонына жетіп, одан басып озатын боламыз» - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш марафон 2012 жылдың 27 мамырынан бастап, қоғамдық марафондар өткізіп тұратын ірі әлемдік астаналарадың қатарына енді.
Жүгірістер 3 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым, эстафеталық «экиден» және 42 шақырым 195 метр қашықтықта болып жатыр.
Марафонның басты демеуші серіктестері: «Astana Group» компаниялар тобы, «Қазақстан халық банкі», MEGA сауда-ойын-сауық орталығы, Adidas компаниясы және тағы басқалар.
Жарыс аяқталған соң жеңімпаздарға мақтау қағаздары, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етіледі.