Алматы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдіктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала әкімдігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның негізінде енді Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдері Алматыға делдалдарсыз тікелей жеткізілетін болады. Ал бұл, өз кезегінде азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге септігін тигізеді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері Алматыға ауыл шаруашылығы тауарларының көптеген түрлерін, олардың ішінде, ет, сүт, балық және кондитерлік өнімдерді жеткізеді.

Бұдан басқа, өңіраралық ынтымақтасу шеңберінде өткен мәжіліс барысында батысқазақстандық қонақтар үшін, отандық тауар өндірушілер шығаратын өнімдерді қаланың сауда кәсіпорындарының талаптарына сәйкестендіру жөнінде арнайы шеберлік сыныбы өткізілді. Бұдан кейін, батысқазақстандық тауар өндірушілер «Рамстор», «Магнум» және «Carrefour» сауда желілерін аралап барып көрді.

Айта кетелік, бүгінгі мәжіліс - осымен өңірлермен арадағы үшінші басқосу. Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарымен осындай іс-шара өткізген болатын. Осы мақсатта алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірлерін қамту көзделуде.

Осылайша, Алматы қаласында Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың қазақстандық қамту үлесін арттыру, өңірлер арасындағы өзара тауар алмасу, сондай-ақ халықты аса сапалы және қолжетімді бағада отандық өнімдермен қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын іске асыру жұмысы жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар