Алматы метросында қауіпсіздік нығайтылуда (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы метрополитені қауіпсіздікті нығайту шараларын қолға алды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында «Метрополитен» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Айдын Оразханов мәлім етті.
Кездесу барысында журналистерге жаңа рентген-теледидарлық қондырғы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған басқа да портативтік аппараттардың жұмысы паш етілді.
«Әлемде соңғы кездері болып жатқан жағдайларға байланысты, метрополитенде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту шаралары қолға алынды. Біз «Тайфун» портативті қондырғысын сатып алдық. Ол адамның жарылғыш затты ұстаған-ұстамағанын иіс бойынша анықтай алады. Бұған дейін бізде тек аркалы металл іздегіш қондырғы ғана қолданылып келді. Қондырғылардың барлығы Германиядан 150 миллион теңгеге сатып алынды. Қаржы Алматы қаласының бюджетінен бөлінді. Рентген-теледидарлық аппарат барлық 9 стансадағы 13 вестибюльге орнатылды. Өндіруші зауыт берген кепілдік мерзімі - 3 жыл», - деді А.Оразханов.
Енді метрода кептеліс орын алмас үшін жолаушылар іріктеліп тексерілетін болады. Негізінен жүгі бар жолаушылар тексеріледі. Айдын Оразхановтың айтуынша, қазір Алматы метросында қауіпсіздік толығымен қамтамасыз етілген.
«Қазіргі таңда метрополитенде 29 қауіпсіздік жүйесі енгізілген. Жолаушылар метро бекетіне кіргеннен-ақ кезекшілер мен бейнекамералардың бақылауында болады. Сонымен қатар пойыздардың ішінде де бейнекамералар орнатылған», - деді мемлекеттік кәсіпорын директоры. Ол жолаушыларды тексеру шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.