Алматы метросының екінші кезегінің құрылысын басталды
АЛМАТЫ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов жерасты метрополитенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, бірінші желінің екінші кезегінің құрылысын бастауға рұқсат берді.
"Бүгінгі күні, Райымбек даңғылынан бастау алып, Фурманов көшесінің астымен Абай даңғылына дейін, әрі қарай батыс бағытта Гагарин даңғылына дейінгі ұзындығы 8,56 км құрайтын бірінші желінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталу үстінде. Бірінші желіде жеті бекет орналасқан. Бастапқы "Райымбек батыр" бекеті - Фурманов көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында орналасса, соңғы "Алатау" бекеті - Абай даңғылының бойында Жароков көшесі мен Гагарин даңғылының ортасында орналасқан. Желінің екінші кезегі біріншінің жалғасы болып табылады", - деді "Алматыметроқұрылыс" АҚ бас директоры Мұрат Өкшебаев.
Оның айтуынша, биылғы жылы батыс бағыты бойынша екі метро стансының құрылысы басталған. "Қазіргі уақытта оң жақ тоннелдің тау-қазба кешені құрастырылды. Бүгін ұңғымалауға дайындық жұмыстары басталады. Маусым айында құрамдарды жүргізіп жаттықтыру және басқару жүйелерін жөндеу жұмыстары басталады. Бұл жұмысқа мемлекеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, екінші кезекте жүргізілетін барлық 11 бекеттің құрылысына 175 миллиард теңге қажет. Оның жалпы ұзындығы - 15,7 км", - деді ол.
Қала әкімі метро құрылысының жұмыстарымен танысып шығып, "Алатау" бекетінен "Райымбек" бекетіне дейін метрополитен вагонында жүріп өтті. Сол жерде өткен жиында қала басшысына құрылыстың кестесі мен жобасы, сонымен қатар, қолданысқа енгізу жоспары таныстырылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы метрополитені ағымдағы жылдың желтоқсан айында, ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріледі.