Алматы облысы: Темір тұлпарымыз - балаларымыздың ырыздығы - «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы Есқожиндер отбасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Талғар ауданы атынан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан Есқожиндер отбасында бүгін қуанышты күн. Отанасы Тұяқ Есқожина көпжылғы еңбегі мен маңдай терінің ақталғанына шексіз риза. Бүгінде кеңжүректі ана мен әкенің «Нұр» қайырымдылық үйінде 73 бала тәрбиеленіп жатыр. Осы үйден қанаты қатайып, бұғанасы бекіген 340 бала қазірдің өзінде келіп, сағынышын басып тұрады. Бүгінде бұл шаңырақтан 48 қыз ұзатылып, 25 бала үйленген. Немерелерінің алды 7-сыныпта оқиды. Құдай қаласа, бір атаның ұрпағы сияқты «Нұр» ауылын құрап, бір көшеге қоныстансақ деген ойымыз бар, дейді әулет басшысы.
«Мерейлі отбасы» байқауында лайықты бағасын алған отбасының Елбасына айтар алғысы шексіз.
«Мұндай жоба - Мерейлі отбасы байқауы елімізде бірінші рет болып жатыр. Қатысқан да арманда, қатыспаған да арманда. 340 баланың ата-анасы бола тұра облысымыздың 16 ауданынан жеңімпаз атандырып, Астанаға жіберген облыс басшылығына мың рахметімді айтамын. Ең алдымен алғысымды Елбасына айтқым келеді. Біздің еңбегімізді елеп, қолымызды қысып, жылы лебізін білдіргені үшін», - деді Тұяқ Есқожина.
Жаңа көлікті көрген балалардың қуанышында шек жоқ. Ары, бері айналшықтап, тамашалап жүр. Осында келген әр баланың өз тағдыры бар.
«Гүлзия Есқожина деген қызымызды Талғардың базарында жүрген жерінен алдық. Осы уақытқа дейін қораппен келген қанша баланы қабылдадық. Әкімшіліктен де жиі өтініш келеді. Маған тіпті, баласын асырап жеткізе алмай қиналған жалғызбасты аналар да келеді. Менің өзім Кеңес кезінде жетім болып өскенмін», - деді Тұяқ апа.
Темір тұлпар үлкен отбасыға берілген үлкен көмек дейді отағасы Әнуар Есқожин.
«Өздеріңіз байқағандай, біздің көліктеріміз әбден ескірген. Мен олардың барлығын қосып сатып, жұмыс істеп тұрған жаңа машина алсам деп жүр едім. Елбасының сыйлығы бізге дер кезінде көрсетілген көмек болды. Енді балаларымызды қалаған жеріне апарып, шаруашылық жұмыстарына да қиналмай пайдаланатын болдық», - деді Ә.Есқожин.
«Отбасының басты құндылығы - ер мен әйелдің татулығында десем болады. Құдай маған жақсы жолдас берді. Үш ұлым, үш келінім бар. Жұрттың туған қыздары ондай болмайды. Жолдасым ақкөңіл, ақжарқын. Үш баланы жеткізіп, енді жетімдерге әке болып отыр. Аллаға шүкір, оларға ризамын. Ол маған рұқсат беріп, көмектеспесе осы жағдайға жетемін бе?! Бақыт үйдің иесіне байланысты. Иесінің тапқанын іске жарататын әйелге, анаға байланысты. Осындай отбасыларды үлгі етіп, насихаттап, көпшіліктің алдында мерейін тасытып жатқан Елбасыға рахмет», - деді Тұяқ апа.