16:43, 17 Ақпан 2016 | GMT +5
Алматы облысында 2015 жылы 3,7 мың км иесіз суару жүйелері қайтарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы 16 971 шақырым суару жүйелерінің 10 мыңға жуығы (58,2%) мемлекет меншігінде. Бір жылдың ішінде 3,7 мың шақырым иесіз жүйелер облыс қарамағына алынып, оның 40% құжаттандырылды. Бұл туралы бүгін тұрғындар алдында есеп берген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа екі жылда 500 млн. теңге бөлінген. Ағымдағы жылы қолданыстағы каналдардың күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады, оны іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге қарастырылған. Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу және Ұйғыр аудандарының ирригациялық жүйелерінің құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған 6 жобаның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобалар Ислам даму банкі арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл 35 мың гектар суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің сайтынан.