Алматы облысында 2015 жылы «Агробизнес» бағдарламасының іске асырылуына 24,7 млрд. теңге бөлінді

С.Бескемпіровтың айтуынша, ағымдағы жылдың 7 айының ішінде ауыл шаруашылығы ішкі өнімінің көлемі 144,3 млрд. теңгені құраған, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға көп, физикалық көлемнің индексі 102,5 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу саласында 121,4 млрд. теңгеге дайын өнім шығарылды.
Сонымен бірге, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Агробизнес-2020» бағдарламасының іске асырылуы аясында бірқатар кемшіліктер бар. Ауылшаруашылық өндірісіне заманауи технологияларды енгізу бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанг жоқ, тамшылап суару қолданылатын аумақтың азаюына жол берілген, сондай-ақ мал бордақылау алаңдарының жұмысын жүйелендіру және экспортқа бағытталған ірі қара мал еті өндірісі жұмысы жолға қойылмаған, тағы бірқатар басқа проблемалар бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Қаратал, Панфилов және Көксу аудандарының әкімдері жүргізілген жұмыстар және қазіргі кемшіліктерді жою, көрсеткіштерді жақсарту бойынша жасалған жоспарлар туралы хабарлады.
«Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін бағдарламаны іске асыру кезеңінде 66 млрд. теңге бюджеттік қаражат бөлінген. Проблемалық мәселелерді шешу мақсатында «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыру аясындағы барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейту керек. Осылайша, бағдарлама аясында бөлінген бюджеттік қаражатты дер кезінде әрі толық игеруді, шаруа қожалықтары мен шағын сүт-тауарлық фермаларды құру бойынша барлық мақсатты индикаторларды орындауды, сондай-ақ ет және ет өнімдері экспортының жоспарланған көлемін қамтамасыз ету үшін мал бордақылау алаңдары жұмысын жүйелендіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын», - деп атап өтті А.Баталов.
Бұдан басқа, аймақ басшысының атап өтуінше, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау, өңдеу және сату инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламаларының аясындағы жоспарларды орындау бойынша жұмысты күшейту керек.
«Аудандар мен қалалардың әкімдері шаруаларды жан-жақты қолдап, шағын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көмектесуі тиіс. «Агробизнес-2020» бағдарламасының негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тиісті көңіл бөліңіздер, семинарлар мен кеңестер өткізіңіздер, субсидияларды алу талаптарын түсіндіріп, құжаттардың рәсімделуін, субсидиялардың берілуі мен таратылуын бақылауда ұстаңыздар. Біздің облысымыз аграрлық өңір. Сондықтан Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының барлық салаларын белсенді дамытуды тапсырды», - деп түйіндеді сөзін А.Баталов отырыстың соңында.