Алматы облысында 25 наурыздан балық аулауға тыйым салынады

Алматы облысының табиғи климаттық орналасауына байланысты балық аулауға шектеу әр жерде әртүрлі болмақ. Мәселен: Шарын өзенінің сағасынан Қытай Халық Республикасының мемлекеттік шекарасына дейінгі Іле өзенінде 25 наурыздан 5 шілдені қоса алғандағы аралықта балық аулауға рұқсат жоқ. Ал Жетісу өңірінің ең үлкен айдыны Балқаш көлінде 15 сәуірден 1 маусымды қоса алғандағы аралықта тыйым салынады. Сондай-ақ Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл көлдерінде және олардың құяр сағалары мен шығанақтарында, Ырғайты, Теректі, Тентек, Ұялы, Шынжылы өзендерінде 10 сәуірден 1 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға болмайды. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық басқармасы басшылығы берген мәліметке сәйкес шектеулер ақылы балық аулау орындарында, жекеменшіктегі тоғандар мен су қоймаларына жүрмейді.
Айта кету керек, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен табиғат пайдалану заңнамаларында құқықбұзушыларға қарастырылған жаза күшейтілген. Мәселен: балықтың ұрық шашу кезеңінде заңсыз балық аулап, тыйым салынған былық аулау құралдарын қолданғаны үшін жеке тұлғаға 10 АЕК, ал кіші кәсіпкерлік субъектісіне 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 және ірі субъектілерге 100 АЕК қарастырылған. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық басқармасы басшысының орынбасары Аян Баянхановтың айтуынша, заң бұзу фактісі бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі екі еселенеді.
Жалпы аумақтық инспекция күшімен 2019 жылы балық шаруашылығына қатысты 344 заңбұзу дерегі анықталды. 331 жеке және заңды тұлға әкімшілік, 9 адам қылмыстық жазаға тартылды. Оларға 5,2 млн теңге айыппұл салынып, 4,9 млн теңгесі өндірілді.