Алматы облысында ат жарысынан Президент Кубогы ойнатылды

Жарыстың төресі саналатын Аламан бәйгеде 1-ші орын Қарасай ауданының «Ақтабан» атты жүйрігіне бұйырды. Жеңімпазға «УАЗ Патриот» автокөлігінің кілті табысталды. 2-ші орынға Оңтүстік Қазақстан облысының «Керідауыл» сәйгүлігі жайғасты. Иесіне Нива автокөлігінің кілті сыйға берілді. Сондай-ақ үшінші орынға «Лада Гранта», төртінші және бесінші орындарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Ал тай жарыста 1-ші болып Жамбыл ауданы атынан топқа түскен «Көңілашар» жүйрігі келді. Жеңімпазға 200 000 теңгенің қаржылай сыйлығы табысталды. 2-ші орынды Қарасай ауданының намысын қорғаған «Айшық» атты жүйрігі иеленді. Оған 150 000 тг табысталды. 3-ші болып келген Жамбыл облысының «Арабелла» атты жүйрігі иесіне 100 000 теңгенің сыйақысын алуына мүмкіндік туғызды.
Топ бәйгеде бірінші орынды Қырғызстан Республикасының «Байторы» атты сәйгүлігі иеленді. Жеңімпазға «Нива» автокөлігінің кілті табысталды. 2-ші орынды иеленген Қарасай ауданының «Қозыкүрең» атты жүйрігінің иесі «Лада Гранта» автокөлігінің кілтіне ие болды. 3-ші болып Қырғызстанның «Қарақұсы» келіп, 150 000 теңгені жеңіп алды.
Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарыс дәстүрге сай Жамбыл ауданының Көкбастау атшабарында өтті.