17:29, 07 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Алматы облысында атыс болып, бір адам қаза тапты
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында атыс болып, төрт адам жарақат алды, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адам өліміне алып келген атыс 7 қыркүйек күні болған. Іле ауданының орталық аудандық ауруханасына тегіс ұңғылы қарудан жарақат алған 4 жергілікті тұрғын түсті. Тағы бір адам ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) және ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша тіркелді. Оқиғаға қатысушыларды полиция қызметкерлері анықтап, ұстады. Жағдайлар анықталып жатыр», - деді Бауыржан Әленов.
Айтуынша, қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындау мен барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Аймақтағы жағдай тұрақты және бақылауда.