Алматы облысында баукеспе ұры оқушыларды тонады деген күдікке іліккен
15 желтоқсан күні полицияға Іле ауданының тұрғыны жүгініп, ұлын белгісіз біреу тонап кеткенін мәлімдейді. Сол шағым бойынша Іле аудандық полициясы жедел іздестіру шараларын жүргізіп, осы тақылеттес қылмыстары үшін бұрын бірнеше рет сотты болған ер адамды қолға түсірген.
«Ұсталған ер адам бұған дейін де бірнеше рет осындай қылмыстары үшін сотталған. Қазір оның соңғы бір жарым айда Іле ауданының аумағында тіркелген екі қарақшылық дерегіне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Осы екі жағдайда да 7-8 сынып оқушыларынан ұялы телефонын тартып алған. Ол телефондардың бір бөлігі алыпсатарлардың қолынан табылып, тәркіленді. Қазір күдіктінің осы сияқты басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр», - деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, күдікті, аудандық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған.