Алматы облысында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қолдауымен 90 бизнесмен өз ісін ашты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 90 бизнесмен орталық кеңесшілерінің ақпараттық және консалтингтік көмек алып, бизнес жүргізу бойынша оқу оқыды.

Алматы облысында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қолдауымен 90 бизнесмен өз ісін ашты

Ағымдағы жылдың қаңтарынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына 1 539 адам кәсіпкерлік мәселелері бойынша жүгінді. Қырық күнде орталықтың қолдауымен 90 адам өз ісін ашып, бизнес-жоспарларын жүзеге асырды.

Өз ісін ашқандардың қатарында 23 жастағы Индира Қасабаева бар. Бойжеткен стартап-жобаларды қолдау бағдарламасы бойынша «Даму» қорында оқудан өтті.

«Спорттық-сауықтыру кешен ашу идеясы туындады. Алайда істі неден бастарымды білмедім. Өткен жылы Кәсіпкерлерді қолдау орталығының көмегіне жүгіндім. Онда қор тегін ұйымдастыратын оқуларға қатысуға кеңес берді. Сабақта жалғыз бизнес-жоспардың болуы аз екенін түсіндім. Жобаны қалай дамыту керектігін, нарықты сараптауды, бизнес-жоспар құрып, тиісті есеп жүргізуді білу қажет. Бір жарым айдай онлайн режимде білім алдым. Енді сайтты қалай іске қосу керек екенін, клиенттерді қалай тарту керектігін білемін», - деді Индира.

Консультациялық кеңестен бөлек «Даму» Қоры қаржылай көмек те көрсетеді. ШОБ өкілдері гранттар, жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша несие ала алады.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына бизнестегі мүмкіндігін сынағысы келетін кез-келген адам және өз ісіне қосымша қолдау шараларына қол жеткізгісі келетіндер жүгіне алады.