Алматы облысында құрылысшының өліміне күдікті адам қолға түсті
ТАЛДЫҚОРҒАН. 18 қазан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Қарасай аудандық ішкі істер бөлімі таратқан хабар бойынша Алматы облысының жол полициясы қызметкерлері Қапшағадайдың «Рубеж» бақылау-өткізу бекетінен құрылыс алаңында адам өлтірді деген күдіктіні қолға түсірді.
Облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, ол Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының 40 жастағы тұрғыны.
Естеріңізге сала кетейік, 13 қазан күні салынып жатқан құрылыс алаңында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін Жамбыл ауданы тұрғынының денесі табылған. Осы нысанда жұмыс істейтін оның әріптесіне күдік келтіріліп, іздеу жарияланған болатын.
Күдікті адам Алматы-Талдықорған бағытымен бара жатқан жолаушылар автобусынан ұсталды.
Қазір ол Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.