Алматы облысында қылмыскерді ұстау кезінде арнаулы жылдам әрекет ету отрядының жауынгері Ержан Ахметов қаза тапты
АЛМАТЫ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Қарасай ауданы Ерменсай ауылында арнайы операция кезінде қылмыскер арнаулы жылдам әрекет ету отрядының жауынгерін өлтірді, деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінен.
Таяуда Алатау кентінде бағбандық қоғамда учаскелік инспектор арқасы мен мойнынан жараланған болатын. Тәртіп сақшысы бұзақының әрекетінен зардап шеккен жергілікті тұрғындардың шақыруымен келген еді. Бұзақы келісімге келмей, учаскелік инспекторға күрек пен балта лақтыра бастаған, сондай-ақ аң аулайтын шолақ мылтықтан атқан. Көптеген жарақат алған полицей ауруханаға жеткізілді.
Дәл сол күні бағбандық қоғамда полицейді атқан адамды іздестіріп, саяжайды сүзіп шыққан 25 жедел іздестіру топтары ұйымдастырылды.
Бүгін таңертең қараусыз қалған саяжайлардың бірін тексеру кезінде арнаулы жылдам әрекет ету отрядының жауынгері, полиция капитаны Ержан Ахметов қаза тапты. Оған шолақ мылтықпен дәл басына атқан. Оның әріптесі жауап қайтара оқ атып, шабуылдаған қылмыскердің көзін жойды.
«Қылмыскер өзінің саяжайдағы үйінде жалғыз тұрып жатқан, әрқашан ашушаң болған және көршілерімен жанжалдасқан. Жуырда егде жастағы көршісімен ұрыс-керіс кезінде қылмыскер көршісінің үйінің терезесіне оқ атқан, оның сол сәтте үйінде бойжеткен немересі бар еді. Сәтін салғанда, бойжеткен оқтан жалтарып үлгеріп, тура келген ажалдан аман қалған», - деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің бастығы Салтанат Әзірбек.