Алматы облысында қыс қарсаңында жолаушылар көліктерін жаппай тексеру басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бүкіл аумағында 12-14 қараша күндері ұйымдастырылған «Қауіпсіз жол» алдын алу шаралары ауқымында жолаушылар көлігі тексерілуде.

Алматы облысында қыс қарсаңында жолаушылар көліктерін жаппай тексеру басталды

Ауқымды шараға жол-торуыл полициясының, жолаушылар көлігі мен автожолдар басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының өкілдері тартылуда.

2015 жылы Алматы облысында жолаушылар көлігінің жүргізушілері 4093 рет жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол беріп, тәртіп бұзушыларға 29,5 млн. теңге айыппұл салынды, сондай-ақ автобустар мен шағын автобустардың 20 жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталды.

«Рейдтер барысында біз жолаушылар көлігі жүргізушілері тарапынан жасалған өрескел бұзушылықты анықтаймыз, әсіресе қалааралық тасымалмен айналысатындарға баса көңіл бөлеміз. Ең жиі кездесетін тәртіп бұзушылық - көліктердің жолаушыларды шамадан тыс мінгізуі немесеоларды өз мақсатына пайдаланбауы. Ең бастысы қысқы маусым қарсаңында біз жүргізушілердің жазғы доғалақтарын қысқы шиналарға міндетті түрде ауыстыруын тексереміз және ескертеміз», - деп атап өтті облыстық полицияда.

Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша, 2015 жылдың басынан бері өңірдің автожолдарында жолаушылар көлігінің қатысуымен 26 жол-көлік оқиғасы орын алып, 7 адам қаза болған және 56 адам әртүрлі жарақат алған.