Алматы облысында қыздарды алып қашып, ұрып-соққан Алакөл ауданының екі тұрғыны ұсталды
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматы облысында ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері нәпсіқұмарлық мақсатта жас қыздарды ұрлап кеткен күдіктілерді ұстады.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
Оның айтуынша, арнайы операцияны өткізу кезінде «Арлан» арнайы бөліністердің сарбаздарының көмегімен Алакөл ауданының екі тұрғынын ұстаған. Ұсталғандар Қаратал ауданының 20 жастағы екі қызын автомашинаға күштеп отырғызып, облыс орталығына қарай алып кеткен. Түні бойы оларды зорлау мақсатында ұрып-соққан. Таңертең қыздар қашып кеткен. Кейіннен бұл оқиға туралы полицияға хабарлаған.
Сонымен бірге, алдын ала тергеу барысында полиция қызметкерлері бұл екі қылмыскердің адамды бостандығынан заңсыз айырғандығын анықтады. Қылмыскерлер ақша бопсалау мақсатында Талдықорған қаласының тұрғынын 12 сағат бойы автомашинаның жүксалғышында ұстаған.
«Қазіргі уақытта адамды ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екеуі де қамауға алынды, тергеу жүргізілуде», - дейді Нұрділдә Ораз.