Алматы облысында қызылша егу жұмыстары басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы облысында бірінші болып Іле ауданы қант қызылшасын отырғызуға кірісті.

Алматы облысында қызылша егу жұмыстары басталды

«Еvvа» ауыл шаруашылығы серіктестігінің басшысы Виктор Эльзер 3 жыл қатарынан қан қызылшасын өсірумен айналысады.

Осы маусымда қызылша отырғызуға алқаптың 160 гектары бөлінген. Іле ауданының әкімдігі хабарлағандай, өңірдің диқаншылары биыл егін алқабын 650 гектарға дейін көбейткен.

Қант зауыты облыстық әкімдік және Ауыл шаруашылығы министрлігінің көмегімен 100 пайызға ауданды тұқымдықпен қамтамасыз етті. Келісімшарт бойынша қант зауыты қызылшаның 1 тоннасын 11 900 теңгеден алуға дайын. Алайда қызылшаның қанттық көрсеткіші 15,3 пайызды құрауы қажет. Биыл сонымен қатар егілген әр қызылшаның гектары үшін мемлекеттің субсидиясы 45 мыңнан 60 мың теңгеге дейін өсті.

Оған қоса, жаздық және күздік егіске байланысты мәселелер шешілген.  Қазіргі уақытта қант қызылшасын және бақша дақылдарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айында соя мен жүгеріні егу маусымы басталады.