Алматы облысында шегірткемен күрес жүруде
ТАЛДЫҚОРҒАН. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Ауа райының жайлы болуына байланысты Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының 50-ге жуық түрі өсіріледі.
Ғалымдардың мәліметтері бойынша, зиянкестердің 144-ке жуық түрі, өсімдік ауруларының 85 түрі, арамшөптердің 46 түрі егіннің шығымына зиян келтіреді.
Қазақстанда астық үшін аса қауіпті зиянды организмдердің 12 түрі өмір сүреді, оның 10-ы Алматы облысында тіршілік етеді және олармен күрес шаралары мемлекеттік бюджеттің есебінен жүргізілуде. Шегірткенің итальяндық прус деген түрі облыстың барлық жерінде тіршілік етсе, азиялық шегіртке деген түрі Балқаш-Алакөл және Жоғарғы Іле төңірегінде кең тараған.
«Фитосанитарлық диагностика және болжамдар республикалық әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің Алматы облыстық филиалы жүргізген жазғы мониторингтің нәтижесі бойынша, негізінен Қаратал, Ақсу, Сарқан және Алакөл ауданындарында 253 450 гектар алқапта итальяндық прус шегірткесінің көп таралғаны анықталып отыр.
Шілде айының басына қарай 1 109 400 гектар ауданда фитосанитарлық мониторинг жүргізіліп, 399 890 гектар жерде итальяндық прус шегірткесінің құрттары бар екені анықталды. Оның ішінде 253 467 гектар алқап бойынша жағдай экономикалық зияндылықтың табалдырығынан асып кеткен. Азиялық шегіртке бойынша да аймақтарда химиялық шаралар жүргізіліп жатыр.