Алматы облысында суармалы алқаптардың көлемі артты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының суы ірі өнеркәсіп, шағын ауылшаруашылық және рекреациялық қажеттіліктерге пайдаланылады. Биыл диқандардың барлық егістіктері қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз етілді. ҚазАқпарат тілшілері Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының егіс алқабын аралап, вегетациялық кезеңнің қорытындысымен танысты.

Алматы облысында суармалы алқаптардың көлемі артты

Бүгінгі таңда Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарының суармалы алқаптарын сумен Бартоғай су қоймасы мен 168 шақырым болатын Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы қамтамасыз етіп отыр. Канал бойындағы бау-бақшалар мол өнім берді. Сондай-ақ соя, жоңышқа, жүгері алқаптары жайқалып тұр.

Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы директорының міндетін атқарушы Мейрам Арыстановтың айтуынша, 2022 жылы 60 гектарға су жіберу үшін ҮАК мекемесі шаруалармен 900-ге жуық келісімшарт жасасқан.

«Алматы облысындағы Шелек пен Шамалған өзендерінің аралығындағы аймаққа игі әсерін тигізіп отырған теңдессіз ірі су шаруашылық кешендері Бартоғай су қоймасы мен Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы. Ол 1985 жылы пайдалануға берілді. Кеңес заманында бұл аймақта 180 мың гектардай суармалы жер болған. Нақтырақ айтсақ, 140-150 мың гектар суармалы жерді канал арқылы өтетін ҮАК және тау өзендері тұрақты қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта суармалы жерлер екі есе аз. Мұның белгілі бір себептері бар. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, биылғы жыл жақсы болды. Бұған вегетациялық кезең алдындағы дайындық жұмыстарымыз ықпал етті. Каналға жөндеу жұмыстары мен механикалық тазалау жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су бөлу жоспары әзірленді. Судың өзі де рөл атқарды. Жалпы, вегетациялық кезең сәтті өтті», - деді Мейрам Арыстанов.

Спикердің сөзінше, канал күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

«Үлкен Алматы каналы есебінен Алматы қаласы мен Алматы облысына қарасты суармалы алқаптарды сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бірақ қазір канал жөндеуді қажет етеді. Мұнда пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу, қайта құру жұмыстары жүргізілмеген. Бұл бағытта біз «Қазводхоз» РМК-мен бірлесіп жоба әзірледік, әзірге сүзгілеу жүргізілетін ерекше апатты аймақтарға арналған. Алдағы уақытта арнаны автоматтандыру мен цифрландыруды толық қайта құру нұсқасы да әзірленетін болады. Автоматтандыру - бұл автоматтандырылған қақпаны басқару, суды есепке алудың заманауи жүйесін енгізу, біз оны қазір қолмен басқарамыз. Бүгінгі таңда МЖӘ аясында осы мәселемен айналысып жатырмыз. Біздің алдын ала есептеуіміз бойынша, шамамен 36 миллиард теңге қажет болады. Бірақ бұл әлі нақты емес. Алдағы 3-4 жылда бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын», - деді спикер.

Мейрам Арыстанов соңғы жылдары Алматы облысында суармалы жер көлемі артып келе жатқанын айтты. Ауданды одан әрі ұлғайту үшін арнаны қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгінгі таңда Үлкен Алматы каналының филиалында 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Олар су деңгейін бақылап, есеп жүргізеді.

«Биыл су мол болды. Шаруаларды мүмкіндігінше сумен қамтамасыз ете алдық. Су қоймасының жалпы көлемі 320 миллион текше метр, оның 70 миллионы «өлі көлем». Өткен жылы Шелек өзенінен келетін су аз болды, сондықтан «өлі көлемді» төгуге тура келді. Биыл су қоймасы өз режимінде жұмыс істеді», - деді ол.

Алматы облысындағы шаруашылықтардың бірінің аға бригадирі Жанболат Ахметов 10 жылдан астам уақыт алма өсірумен айналысады. Ол биыл су мәселесі болмағанын айтты. Қазір шаруашылыққа тиесілі 150 гектар алқапта алманың 15 түрі өседі.

«Қазір біз алма жинау науқанын бастадық. Биыл әр гектардан 40 тоннадан өнім аламыз деп отырмыз. Бірақ алдағы уақытта 60-70 тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Былтыр барлығы 6 мың тонна өнім алдық, биыл да сол көлемде жинаймыз. Тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Яғни, мұнда тамшылатып суару технологиясын енгіздік. Бұл өте тиімді және үнемді. Сондай-ақ қымбат емес. Оған көзім анық жетті. Өйткені, су ресурстарын ұтымды пайдалануымыз керек», - деді ақсақал.

Жүгері өсіретін шаруа қожалығының басшысы Магомед Гагалов та биыл судан тапшылығы болмағанын тілге тиек етті.

«10 күннен соң жүгері жинауға кірісеміз. Биыл әр гектардан кем дегенде 10 тонна өнім аламыз деп отырмыз. Жүгері үшін бұл мол өнім. Жалпы бізде 280 гектар жер бар. Былтыр судан аздап қиындық туындаған еді, гектарынан 8 центнерден айналған. Негізінен жүгері өсіреміз, жоңышқа да бар. Яғни, бізде жемшөп бар. Клиенттеріміз бар, шөп шабамыз, жалға береміз. Алматы облысы дәнді дақылдар өсіруге қолайлы аймақ», - деді ол.