Алматы облысында тікұшақтың апатқа ұшыруына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысында тікұшақтың құлауына байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 344-бабы (Теңіз, әуе, теміржол көліктерін пайдалану және қозғалысындағы қауіпсіздік ережесін сақтамау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, тікұшақ штурвалында 1950 жылғы Жанайдар Егінбаев болған. Ол тікұшақпен салынып жатқан жолды бақылау мақсатында ұшқан. «Алматы-Өскемен» күре жолының 237-ші шақырымында Ж.Егінбаев өте төмен биіктікте маневр жасап, тікұшақты электр сымдарының астынан өткізбек болған. Алайда, биіктікті дұрыс бағамдамауы салдарынан тікұшақ винті электр сымына ілініп, салынып жатқан жолға құлаған. Апат салдарынан Ж.Егінбаев оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі уақытта марқұмның мүрдесі Талдықорғанға сараптауға жіберілді.