Алматы облысында жіті ішек инфекциясының 360 жағдайы тіркелді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы облысында жыл басынан бері жіті ішек инфекциясының 360 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ішек инфекциясы көбіне 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Жарты жыл ішінде өңірде 360 адам жіті ішек инфекциясымен ауырды, оның 256-сы бала.

Инфекция таралуының негізгі факторлары - үйде дайындалған тағамдар, жуылмаған жемістер мен көкөністер, сүт және тез бұзылатын өнімдер. Пайыздық көрсеткішпен айтқанда, үйде дайындалған өнімдердің үлесіне - 96,1%, жуылмаған көкөністер мен жемістерге - 1,3%, сүт өнімдеріне - 0,3%, түрлі консервілерге - 2,3% келіп отыр.

«Сонымен қатар, көптеген адамдар ішек инфекцияларының қоздырғыштары төзімді және топырақта, суда, сондай-ақ ыдыс-аяқ, есік тұтқалары, ойыншықтар сияқты әртүрлі қолданыстағы заттарда ұзақ сақталатынын ұмытып кетеді. Одан бөлек, микробтар белгілі бір температура жағдайында суда, сүт және сүт өнімдерінде, тартылған ет, кондитерлік өнімдер, салаттар және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде жақсы көбейеді»,- деп хабарлады департаменттен.

Сонымен қатар, мамандар ішек инфекциясының белгілері байқалса дереу дәрігерге қаралуға кеңес берді.

«Іштің ауыруы, құсу, диарея, дене қызуы көтерілсе, жалпы әлсіздік, тәбеттің төмендеуі байқалса бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Өзін-өзі емдеуге болмайды, өйткені оның зардабы одан да ауыр болуы мүмкін. Мысалға, жүрек айнығанда және диарея кезінде адам ағзасындағы сұйықтық жоғалады, ағзадағы су алмасуы бұзылып, одан әрі жүрек - қан тамырлары, бүйрек және басқа органдардың ауруына әкеледі»,- деп атап өтті ведомствадан.


Соңғы жаңалықтар
telegram