Алматы облысында жұмыспен қамту басқармасына жаңа басшы тағайындалды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Зайда Ілімжанова тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ұжым алдында басқарманың жаңа басшысын таныстырып,  бірқатар міндеттерді жүктеді.

«Әлеуметтік саланың қай кезде де жүгі ауыр. Сондықтан бұл басқарманың жаңа басшысына жүктелетін міндет те жеңіл болмайды. Ең алдымен, азаматтардың жұмыспен қамтылуын басты назарда ұстап, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс істеу қажет. Екіншіден, басқармаға қарасты 12 мекеменің қызметі ақсамауы тиіс. Үшіншіден, мүгедек жандарды қоғамдық ортаға тарту, жұмысқа орналасуына ықпал ету, оларға кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы істі жетілдіру керек. Сонымен қатар, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық шараларын да ұмытпауға тиіспіз», - деп атап өтті Ж. Омар.

Өз кезегінде З. Ілімжанова артылған жауапкершілікті ұжыммен бірлесіп абыроймен атқаратынына сендірді.

Зайда Әбдімананқызы 1967 жылы дүние келген. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист, Талдықорған сыртқы заң институтын заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Талдықорған су құрылысы тресінің инженері болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы Алматы облысының салық жүйесі саласында жұмыс істеді. Әр жылдары Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының инспекторы, бөлім бастығы, инспекция бастығының орынбасары, Талдықорған қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Қаратал аудандық салық комитетінің төрайымы, Алматы облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары,  Текелі қаласы бойынша салық басқармасының басшысы, Алматы облысы бойынша салық депатраменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.

2014 жылдың қараша айынан бері - Ескелді ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.

Соңғы жаңалықтар